2025 жылы Қазақстан үшін есте қалған елеулі оқиғалар

Әне-міне дегенше тағы бір жыл артта қалды. 2025 жыл Қазақстан үшін саяси шешімдерге, халықаралық байланыстарға, спорттық жетістіктер мен мәдени жаңалықтарға толы кезең болды. Ел өмірінде болған маңызды оқиғалар қоғам дамуының түрлі саласына әсер етіп, жылды мазмұнды әрі есте қаларлық етті.
Жыл бойы елдің ішкі саяси күн тәртібінде бірқатар маңызды бастамалар көтерілді. Мемлекеттік басқару, әлеуметтік-экономикалық даму, инвестициялық саясат бағытында қабылданған шешімдер қоғам назарында болды. Сонымен қатар Қазақстан халықаралық аренада да белсенділік танытып, бірқатар мемлекеттермен саяси және экономикалық байланыстарды нығайтты.
2025 жылы Қазақстанның халықаралық беделі мәдени және имидждік жобалар арқылы да айқын көрінді. Ел EXPO–2025 халықаралық көрмесіне қатысып, ұлттық мәдениет пен заманауи даму бағыттарын таныстырды. Дүниежүзілік EXPO 2025 Osaka көрмесі 13 сәуір мен 13 қазан аралығында өтті. Іс-шараға 160 мемлекет пен 9 халықаралық ұйым қатысты, ал жалпы келушілер саны 28 млн адамнан асты. Қазақстан павильоны Theme Development («Көрме тақырыбын ашу») негізгі номинациясы бойынша «С» санатындағы шағын павильондар арасында бірінші орынды иеленді. Бұл санатқа 90-нан астам ел кірді.
Сондай-ақ Ақтау қаласының Түркі әлемінің мәдени астанасы атануы – жылдағы ең айтулы мәдени оқиғалардың бірі болды. Бұл бастама түркітілдес елдер арасындағы рухани байланысты тереңдете түсті.
Спорт саласында да қазақстандықтар үшін қуанышты сәттер аз болған жоқ. Әсіресе боксшылардың халықаралық ареналардағы жарқын жеңістері ел абыройын асқақтатты. Әлемдік және құрлықтық жарыстарда алтын жүлде иеленген былғары қолғап шеберлері жанкүйерлерге зор мақтаныш сыйлап, көк тудың көкте желбіреуіне үлес қосты.
Сонымен қатар, футболсүйер қауым үшін де тарихи сәт орын алды. Әйгілі «Реал Мадрид» клубының Қазақстанға келуі отандық спорт өміріндегі айтулы оқиғалардың біріне айналды. Бұл сапар елдегі футбол мәдениетіне серпін беріп, жас спортшыларға үлкен мотивация сыйлады.
Мәдениет пен руханият саласында фестивальдер, көрмелер, әдеби және шығармашылық жобалар көптеп ұйымдастырылды. Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы аясында өткен ауқымды шаралар рухани өмірге серпін берді. Сонымен қатар, ел көлемінде қазақ поэзиясының көрнекті өкілдеріне арналған мерейтойлық әдеби кештер, еске алу жиындары мен поэзия оқулары өтті. Әсіресе Мұқағали Мақатаев, Фариза Оңғарсынова сынды халық сүйіспеншілігіне бөленген ақындардың шығармашылығын дәріптеген кештер, жас ақындарға арналған әдеби жобалар мен мүшәйралар көпшіліктің қызығушылығын арттырды. Бұл бастамалар ұлттық сөз өнерінің құндылығын жаңаша танытып, рухани сабақтастықты нығайта түсті.



