Жаңалықтар

Оқушыларға сабақ кезінде телефон қолдануға бола ма?

Мектептерде оқушыларға сабақ кезінде телефон қолдануға тек белгілі жағдайларда рұқсат етіледі.

Облыстың Білім басқармасы телефонды қандай жағдайда пайдалануға болатынын түсіндірді.

Ережеге сәйкес, оқушылар телефонды сабақ кезінде мына жағдайларда қолдана алады:

* мұғалімнің тапсырмасы бойынша оқу мақсатында;
* өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жағдайда;
* денсаулығына байланысты қажет болған кезде.

Телефонды оқу тапсырмаларын орындау үшін қанша уақыт пайдаланатынын мұғалім анықтайды. Ал денсаулығына байланысты телефон қажет болса, ата-анасы мектеп әкімшілігіне медициналық құжат ұсынуы керек.

Басқа жағдайларда сабақ кезінде телефон қолдануға тыйым салынады. Оқушылар сабақ басталғанға дейін телефондарын дыбыссыз режимге қойып немесе толық өшіріп, сөмкесіне салып қоюы керек. Мектепте арнайы сақтау орны болса, телефонды сол жерге де қалдыруға болады.

Егер ата-аналарға сабақ кезінде баласымен байланысу қажет болса, сынып жетекшісіне немесе мектеп әкімшілігіне хабарласа алады.

Ал үзіліс кезінде телефон қолдану мектептің ішкі тәртібіне байланысты. Егер мектеп бұған тыйым салмаса, оқушылар телефондарын үзілісте пайдалана алады. Мысалы, асханада төлем жасауға рұқсат етіледі.

Телефон қолдану ережесін бұзған оқушыларға тәрбиелік шаралар қолданылуы мүмкін.

Басқа жаңалықтар

Back to top button