Басты жаңалықЖаңалықтар

Отбасы банкте ипотека рәсімдеу қымбаттай ма?

31 қазаннан бастап Отбасы банкте ипотека рәсімдеу үшін төленетін комиссияның ең жоғары мөлшері өзгереді. Бұрын банк комиссияны 300 мың теңгеден асырмайтын. Енді үлкен көлемдегі несие алатындар 500 мың теңгеге немесе бір миллион теңгеге дейін төлеуі мүмкін.

Комиссия – бұл банк несие рәсімдеп бергені үшін алатын бір реттік төлем. Оның мөлшері несие сомасының 1 пайызы болып қала береді. Бірақ төлемнің ең жоғары шегі несие көлеміне байланысты болады.

Жаңа тәртіп бойынша:

  • 50 миллион теңгеге дейін несие алсаңыз, комиссия 300 мың теңгеден аспайды.
  • 50 миллионнан 100 миллион теңгеге дейін несие алсаңыз, комиссия 500 мың теңгеден аспайды.
  • 100 миллион теңгеден жоғары несие алсаңыз, комиссия бір миллион теңгеден аспайды.

Мысалы, 20 миллион теңге несие алсаңыз, 200 мың теңге комиссия төлейсіз. Бұл сома өзгермейді.

Ал 70 миллион теңге несие алсаңыз, комиссия 700 мың теңге болуы керек. Бірақ жаңа ереже бойынша ең көбі 500 мың теңге төлейсіз. Бұрын бұл сома 300 мың теңгеден аспайтын.

Банк мәліметінше, бұл өзгеріс клиенттердің басым бөлігіне әсер етпейді. Себебі салымшылардың 92 пайызы 50 миллион теңгеге дейін несие алады. Олар үшін комиссия бұрынғыдай қалады.

Жаңа ереже 2026 жылғы 31 қазаннан бастап берілетін өтінімдерге қолданылады. Ал оған дейін өтінім тапсырғандар бұрынғы шарттармен несие рәсімдейді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button