Жанұзақ ауылында заманауи спорт зал ашылды

Бүгін Ұлан ауданына қарасты Жанұзақ ауылында көптен күткен спорт залдың ашылу салтанаты өтті. Ол облыстық Білім басқармасының тапсырысы бойынша салынып, бүгін пайдалануға берілді. Жобаның жалпы құны — 101,8 млн теңге.
Құрылыс жұмыстарын бас мердігер «Древстроймаркетинг» ЖШС жүзеге асырды. Авторлық қадағалауды «ОЛЖАПРОЕКТ» ЖШС, ал техникалық қадағалауды «Фирма ТСС» жүргізді.
Аталған нысанның ашылу салтанатына аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов қатысып, ауыл тұрғындарын құттықтады.
— Құрметті ауыл тұрғындары, ұстаздар, ата-аналар! Бүгін міне мектептеріңізде спорт залы ашылып жатыр. Сіз болып, біз болып бәріміз атсалыстық. Енді осы жерден болашақ чемпиондар мен мықты спортшылар шықсын, — деді облыс әкімі.
Жалпы ауданы 404,52 шаршы метрді құрайтын спорт кешені оқу-жаттығу сабақтарын өткізуге толықтай бейімделген. Ғимаратта холл, дәліз, жаттықтырушы кабинеті, қыздар мен ұлдарға арналған киім ауыстыратын бөлмелер, душ және санитарлық тораптар қарастырылған. Спорт залы заманауи жабдықтармен қамтамасыз етіліп, барлық инженерлік желілер нормативтік талаптарға сай орнатылған.
Жаңа спорт залы оқушылар үшін де үлкен қуаныш болды.
— Мен өте қуаныштымын. Бұрын мұндай спорт залы мектебімізде болмаған. Енді спорттан үлкен жетістіктерге жетеміз деп ойлаймын, — деді Ш. Башиков атындағы мектептің оқушысы Кәусар Жасұланқызы.
Жоба өңірдегі спорттық инфрақұрылымды дамытуға, сондай-ақ ауыл балаларының дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысуына қолайлы жағдай жасауға бағытталған.



