Шығыс Қазақстан туризмінің дамуы – сапалы кадрларға байланысты

Ровнякова Ирина Владимировна, «Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті» КЕАҚ Басқарма төрағасының орынбасары- стратегиялық даму және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректор Президенттің жақында «Түркістан» газетіне берген сұхбатының маңыздылығына тоқталды.
Проректордың пікірінше, Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне өтті. Бұл кезеңде басты ресурс – адами капитал, яғни білікті әрі жауапты мамандар. Осындай мамандар аса қажет салалардың бірі – туризм. Туризм экономика, мәдениет, қауіпсіздік және кәсіпкерлікпен тығыз байланысты маңызды сала.
– Президент атап өткендей, Қазақстанға жыл сайын миллиондаған шетелдік турист келеді, ішкі туризм де дамып жатыр. Бұл үрдіс Шығыс Қазақстан облысында да айқын байқалады. Өңірдің бірегей табиғаты мен бай тарихи-мәдени мұрасы экотуризмді, тау туризмін, емдік-сауықтыру, мәдени және гастрономиялық туризмді дамытуға үлкен мүмкіндік береді. Катон-Қарағай ұлттық паркі, Алтай және Риддер аймақтары ТОП-50 туристік нысан қатарына енді. Инфрақұрылым дамып, бірыңғай туристік портал жұмыс істеп тұр,- деді ол.
Алайда саланың басты мәселесі – білікті кадрлардың жетіспеушілігі. Туризмнің дамуы үшін шет тілдерін білетін, заманауи сервисті меңгерген кәсіби мамандар қажет.
– Бұл бағытта Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті маңызды рөл атқарып отыр. Университет туризм саласына маман даярлайтын орталыққа айналуда. Мұнда тәжірибеге бағытталған білім беріледі, шетелдік университеттермен, соның ішінде Италиядағы Генуя университетімен бірлескен бағдарламалар жүзеге асуда,-деді Ирина Ровнякова.
Университет дайындайтын мамандар өңірдің туристік әлеуетін дамытып қана қоймай, жаңа жобалар мен тың бағыттарды ұсына алатын болады. Сондықтан Шығыс Қазақстан туризмінің болашағы табиғи байлыққа ғана емес, ең алдымен сапалы адами капиталға байланысты.



