Жаңалықтар

Халықаралық шахмат турнирінің жеңімпаздары анықталды

Облыс орталығында өткен «Oskemen Open 2026» халықаралық шахмат фестивалі мәресіне жетті.

Ауқымды додада 16 мемлекеттен келген 199 шахматшы бақ сынады.

Фестиваль аясындағы ең беделді жарыс – Masters турнирінде халықаралық рейтинг көшбасшыларының бірі, 24 жастағы Андрей Есипенко жеңімпаз атанып, 9 миллион теңге көлеміндегі бас жүлдені иеленді. Қазақстандық қатысушылар арасында ең жоғары нәтиже көрсеткен 17 жастағы Даниял Сапенов жарысты 12-орынмен аяқтады.

Жеңімпаздың айтуынша, бұл оның Қазақстандағы биылғы екінші классикалық турнирі болған.

— Ақтөбеде өткен жарыстан кейін Өскеменде де сәтті өнер көрсете алдым. Тоғыз партияның бесеуінде жеңіске жетіп, қалған төртеуінде тең түстім. Әсіресе соңғы турларда көшбасшылықты сақтап қалу оңай болған жоқ, — деді Андрей Есипенко.

Masters турнирінде алғашқы 15 орыннан бөлек, бірнеше арнайы номинациялар болды.Елдің үздік ойыншылары ретінде Қазыбек Нөгербек, Алдияр Ансат және Әлішер Сүлейменов марапатталды. Сондай-ақ түрлі Эло рейтинг санаттары мен әйелдер арасындағы үздік шахматшыларға арнайы жүлделер табысталды.

Айта кету керек, Masters додасында барлығы 77 спортшы бақ сынады. Олардың қатарында 22 халықаралық гроссмейстер (GM), бір әйелдер арасындағы халықаралық гроссмейстер (WGM) және 29 халықаралық шебер (IM) бар.

Ал Open турнирінде Шымкенттің өкілі Әбілмансұр Әбділхаиыр жеңімпаз атанды.

Биылғы фестиваль ерлер мен әйелдер арасындағы классикалық шахматтан Қазақстан Кубогінің екінші кезеңі саналады. Жалпы жүлде қоры 50 млн теңгені құрады. Оның ішінде Masters турниріне – 45 млн теңге, Open турниріне – 5 млн теңге бөлінді.

Облыстық шахмат федерациясының атқарушы директоры Алекс Кудиновтың айтуынша, Oskemen Open бүгінде өңірдің дәстүрлі халықаралық турниріне айналған.

Басқа жаңалықтар

Back to top button