БілімЖаңалықтар

Қазақстандық кітапханаларға +240 мың кітап

2025 жылы еліміздің өңірлік кітапханаларына отандық және аударма әдебиеттерді қамтыған ауқымды кітап қоры жеткізілді. Жалпы саны 119-дан астам атаудағы кітап 240 500 дана таралыммен басылып, республика бойынша кітапханаларға таратылды.

Жаңа басылымдар қатарында «Шоқан. Ерек туған феномен» фотоальбомі, Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған ғылыми және танымдық еңбектер, қазақ әдебиетіндегі алғашқы романдардың бірі саналатын «Бақытсыз Жамал», сондай-ақ Ілияс Есенберлин, Жұмекен Нәжімеденов, Қадыр Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалиевтің шығармалар жинақтары бар. Бұл еңбектер ұлттық әдеби мұраны жүйелі түрде жаңғыртуға және оқырманға қолжетімді етуге бағытталған.
Халықаралық мәдени ынтымақтастық аясында Италия тарапының қолдауымен Шоқан Уәлиханов туралы кітаптың итальян және ағылшын тілдеріндегі аудармаларының тұсаукесері Рим қаласында өтті. Бұл жоба қазақтың көрнекті ғалымы мен ағартушысының мұрасын еуропалық оқырманға кеңінен танытуға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Қазақстанның Майндағы Франкфуртта өткен халықаралық кітап жәрмеңкесіне екінші рет қатысуын қолдады. Көрме аясында ұлттық павильон ұйымдастырылып, мерейтойлық және таңдаулы басылымдар көпшілік назарына ұсынылды. Олардың ішінде жеті тілге аударылған «Абайдың қара сөздері. Ұрпаққа ұлағат» жинағы ерекше қызығушылық тудырды. Ал «Бақытсыз Жамал» романы ұлттық прозаның қалыптасуындағы маңызды туынды ретінде халықаралық сарапшылар тарапынан жоғары бағаланды.
Қазақ әдебиетін шетелде насихаттау жұмысы Азия елдерінде де жалғасын тапты. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері Бейжің мен Гуанчжжоуда өткен халықаралық кітап көрмелеріне қатысып, қазақ классиктері мен қазіргі заман авторларының шығармаларын таныстырды. Бұл бастама шетелдік баспалармен жаңа әріптестік байланыстар орнатуға жол ашты.
Мемлекеттік мәдени саясатта жас жазушыларды қолдау басым бағыттардың бірі болып қала береді. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағы арасындағы стратегиялық серіктестік аясында жас авторларды қолдауға арналған үш ірі жоба жүзеге асырылды.
Нәтижесінде 35 көркем және ғылыми-танымдық жинақ жарық көріп, еліміздің кітапханаларына жеткізілді. Бұл басылымдар жаңа әдеби есімдердің қалыптасуына, сондай-ақ оқырман сұранысына сай мазмұнды кітап қорын толықтыруға ықпал етті.

Басқа жаңалықтар

Back to top button