БілімЖаңалықтар

Қазақстанда қаңтар ҰБТ-сы басталды

10 қаңтарда басталған Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) 10 ақпанға дейін жалғасады.

Биыл қаңтар айындағы ҰБТ-ға қатысу үшін шамамен 187 мың адам өтініш берген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 20 мыңға көп. Тестілеуге қатысушылардың 75,2%-ы ҰБТ-ны қазақ тілінде, 24,6%-ы орыс тілінде, ал 189 адам ағылшын тілінде тапсыруды таңдаған.

— Өтініш беру барысында талапкерлер тестілеудің күні, уақыты және өткізу пунктін өздері таңдады, — деп хабарлады ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі.

Ең көп таңдалған бейіндік пәндер комбинациясы — «Математика – Физика» (19,2%). Бұл бағытты болашақ мұғалімдер, инженерлер, механиктер, техниктер мен технологтар, энергетиктер және құрылыс саласының мамандары таңдаған. Одан кейін «Биология – Химия» комбинациясы (16,9%) және «Шығармашылық емтихан» (9,7%) тұр. Аталған бағыттар бойынша болашақ медицина және шығармашылық сала мамандары дайындалады.

ҰБТ барысында тестілеу бағдарламасында калькулятор, химиялық элементтердің периодтық жүйесі (Менделеев кестесі) және тұздардың ерігіштік кестесі қолжетімді болады. Апелляцияға өтінішті талапкерлер тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде бере алады. Апелляция тапсырған тестіленушінің сертификаты апелляциялық комиссия шешім қабылдағаннан кейін жеке кабинетінде қолжетімді болады.

2026 жылы ҰБТ форматы өзгеріссіз қалады. Талапкерлер бұрынғыдай үш міндетті пән және екі бейіндік пәнді тапсырады. Тапсырмалар саны — 120. Оның ішінде:

  • Қазақстан тарихы – 20 тапсырма,
  • Оқу сауаттылығы – 10 тапсырма,
  • Математикалық сауаттылық – 10 тапсырма,
  • екі бейіндік пән бойынша 40 тапсырмадан.

ҰБТ-ның ең жоғары мүмкін нәтижесі — 140 балл.

Тестілеу уақыты 4 сағатты (240 минут) құрайды. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін қосымша 40 минут уақыт қарастырылған.

Қаңтар айындағы ҰБТ-ға:

  • ақылы негізде шартты түрде ЖОО-ға қабылданғандар,
  • жоғары оқу орнында оқып жүрген, шығармашылық білім беру бағдарламаларынан басқа бағыттарға немесе педагогикалық бағыттарға ақылы негізде ауысқысы келетіндер,
  • өткен жылдардағы мектеп түлектері мен колледж бітірушілер,
  • Қазақстан Республикасының азаматы емес, бірақ қазақ ұлтының өкілдері,
  • шетелде білім алған ҚР азаматтары,
  • сондай-ақ жоғары оқу орнына ақылы негізде түсуге ниетті мектеп бітіруші сынып оқушылары қатыса алады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button