Басты жаңалықДенсаулықЖаңалықтар

ШҚО әкімі Секисовка ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның жұмысымен танысты

Бүгін аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов Глубокое ауданына қарасты Секисовка ауылында орналасқан дәрігерлік амбулаторияның жұмысын тексерді.

Аталған медициналық нысан 2024 жылы пайдалануға берілген. Қазіргі таңда амбулатория заманауи талаптарға сай қызмет көрсетіп келеді.

Быструха ауылының тұрғыны Сергей Федоров Секисовкадағы емхананың жұмысына оң баға берді.

— Мен Быструха ауылынан келдім. Қазір бізде дәрігерлер еңбек демалысында, бұл, әрине, ыңғайсыз. Ең болмаса, уақытша алмастыратын мамандар болса жақсы болар еді. Ал Секисовкадағы амбулатория өте жайлы, қызмет көрсету сапасы да жоғары. Өзіме ұнайды, — деді ол.

Аудан бойынша барлығы 6 медициналық нысан салынған. Оның төртеуі — дәрігерлік амбулатория, екеуі — фельдшерлік-акушерлік пункт және біреуі — медициналық пункт.

Глубокое аудандық ауруханасының бас дәрігері Мирхат Увазыровтың айтуынша, Секисовка ауылындағы бұл амбулатория тұрғындар үшін көптен күткен нысан болған.

— Бұған дейін ескі әрі тар ғимаратта отырған едік. Қазіргі таңда тұрғындар дән риза. Бұл амбулаторияда 23 кабинет бар. Оның ішінде күндізгі стационар, емдік дене шынықтыру (ЕФК) және физиотерапия кабинеттері жұмыс істейді, — деді ол.

Мекеме 1579 тұрғынға медициналық қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, бас дәрігер кадр тапшылығы мәселесіне де тоқталды.

— Физиотерапия кабинетіне фельдшер мен реабилитолог мамандары жетіспейді. Ашылғаннан бері 1000-нан астам науқасқа көмек көрсеттік. Скрининг, профилактикалық тексерулер мен флюорография қызметтері қолжетімді. Сондықтан тұрғындар жиі келіп, тексеруден өтіп тұрады, — деді Мирхат Увазыров.

Облыс әкімі амбулаториядағы кабинеттерді аралап, науқастармен тілдесті.

— Жағдайларыңыз қалай? Дәрі-дәрмек жеткілікті ме? Қандай да бір мәселе болса, ашық айтыңыздар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен аймақта осындай 36 медициналық нысан ашылды. Ең бастысы — тұрғындардың сапалы медициналық көмек алуы, — деді Нұрымбет Сақтағанов.

Айта кету керек, дәрігерлік амбулатория ауыл тұрғындарын сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз етіп отыр.

Әдемі АМАНГЕЛДІ

Басқа жаңалықтар

Back to top button