Басты жаңалықБілімЖаңалықтар

Тірек мектеп – тірі жүйе: Глубокое кентіндегі мектеп қалай жұмыс істеп жатыр

Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданының Глубокое кентінде орналасқан Ы.Алтынсарин атындағы Глубокое орта мектебі 2025 жылы республикалық «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы аясында жаңғыртудан өтті.

Бастауыш, негізгі және орта білім беретін мектеп заманауи талаптарға сай жабдықталып, оқушыларға мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттары бойынша сапалы білім алуға жағдай жасалды.

Жоба аясында мектеп инфрақұрылымы толық жаңартылды. Атап айтқанда, бастауыш сыныптарға арналған 9 заманауи оқу кабинеті, жаратылыстану-ғылыми және гуманитарлық бағыттағы 11 кабинет, информатика сыныптары ашылды. Сонымен қатар STEM зертханасы мен робототехника кабинеті, екі спорт залы, coworking-орталығы, телестудия және арт-студия жұмыс істеп тұр.

Мектепте психолог кабинеті, инклюзияны қолдау кабинеті, мектепалды даярлық, музыка,және көркем еңбек кабинеттері, сондай-ақ 9 демалыс аймағы қарастырылған. Жабдықтардың жалпы құны 245 916 064 теңгені құрады.

Одан бөлек, жалпы жобаны іске асыруға дайындық барысында мектептің ішкі жағдайына 79 103 400 теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал жөндеу материалдарына 4 786 588 теңге жұмсалған.

Сабақтан тыс уақытта оқушылар үшін түрлі үйірмелер мен секциялар жұмыс істейді. Олардың қатарында спорт секциялары, шығармашылық үйірмелер, зияткерлік және пәндік бағыттағы клубтар, робототехника және STEM үйірмелері бар.

— Балалардың мектептегі жаңа технологияларға деген қызығушылығы жоғары. Бұл жерде олар өздерін жайлы сезінеді. Біздің кезімізде мұндай мүмкіндіктер болған жоқ. Дегенмен, балаларымыз үшін өте қуаныштымыз, өйткені бұл – болашақ ұрпақтың дамуына деген үлкен қадам, – деді мектеп ата-аналарының бірі.

Айта кетейік, қазіргі таңда мектептің педагогикалық ұжымы толық жасақталған. Кадрлық саясат мұғалімдердің кәсіби дамуына, командалық жұмысқа және заманауи білім беру әдістерін енгізуге бағытталған.

Басқа жаңалықтар

Back to top button