«Азия Авто» компаниясының мүлкі мемлекетке өте ме?

Премьер-министр Олжас Бектенов «Азия Авто» компаниясының мүлкіне байланысты жағдайға түсініктеме берді.
Оның айтуынша, қазір «Азия Авто» акционерлік қоғамының барлық мүлкіне тыйым салынған. Соттың шешімдері орындалып жатыр. Облыстық Әділет департаментінде бұл компанияға қатысты 30 атқарушылық іс қаралуда.
—Құрылысы аяқталмаған зауыт, жер телімдері, ғимараттар мен басқа да мүліктер уақытша мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органның қарауына беріледі,-деді ол.
Дегенмен, бұл мүлік автоматты түрде мемлекет меншігінде қалады деген сөз емес. Себебі зауыт құрылысы толық аяқталмаған. Заң бойынша мұндай нысандар мемлекеттік мекемелердің балансына берілмейді.
Қазір отандық және шетелдік компаниялар бұл өндірістік алаңға қызығушылық танытып отыр. Болашақта мұнда жаңа жобалар іске асуы мүмкін.
Инвестор тарту және нысанды одан әрі пайдалану мәселесі сот ісі аяқталғаннан кейін қарастырылады.



