Ақпанда ауа райы қандай болады?

Шығыс Қазақстан облысында ақпан айында ауа райы құбылмалы болады. Синоптиктердің болжамынша, ай салыстырмалы түрде жылы болғанымен, жауын-шашын мөлшері артады.
Айдың алғашқы онкүндігінде ауа температурасы уақытша көтеріледі. Түнгі уақытта ауа райы -2 мен -10 градус аралығында болады. Алайда онкүндіктің соңына қарай күн күрт суытып, температура -18 бен -28 градусқа дейін төмендейді.
«Қазгидромет» мәліметінше, өңірдегі ең суық күндер бірінші және екінші онкүндіктерге сәйкес келеді. Бұл күндері түнде ауа температурасы -21 мен -30 градусқа дейін төмендеп, таулы аймақтарда -35 градусқа жетуі мүмкін.
Сонымен қатар екінші және үшінші онкүндіктің кейбір күндерінде күн қайта жылынады. Жауын-шашын мөлшері нормадан жоғары болады деп күтілуде. Кей күндері тұман түсіп, көктайғақ пен қатты жел болуы мүмкін.



