ДенсаулықЖаңалықтар

Самарда жаңа фельдшерлік-амбулаториялық пункт ашылды—ШҚО

Шығыс Қазақстан облысының Самар ауданында, Миролюбовка ауылында жаңа фельдшерлік- амбулаториялық пункттің салтанатты ашылуы өтті. Заманауи медициналық нысан ауылдық денсаулық сақтауды дамытуға бағытталған мемлекеттік саясат аясында бой көтеріп, халыққа алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімділігін арттыруды көздейді.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, Миролюбовка ауылында ұзақ жылдар бойы жаңа әлеуметтік нысандар салынбаған — соңғы ғимараттар өткен ғасырдың 1990-жылдары тұрғызылған. Осыған байланысты жаңа медициналық пункттің ашылуы ауыл халқы үшін көптен күткен маңызды оқиғаға айналды.

Салтанатты шара барысында Самар ауданының әкімі Серік Жеңісов нысанның құрылысы туралы шешім өткен жылы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановтың ауданға жасаған сапары кезінде қабылданғанын атап өтті.

«Миролюбовка — транзиттік ауыл және туристік бағытта орналасқан елді мекен. Осыны ескере отырып, фельдшерлік-амбулаториялық пунктті дәл осы ауылда салу жөнінде шешім қабылданды. Облыс басшылығының қолдауының нәтижесінде бұл мәселе оң шешімін тауып, бүгінде ауыл тұрғындары мен аудан қонақтары заманауи жағдайда сапалы медициналық қызмет ала алады», — деді аудан әкімі.

Сонымен қатар ол ауылдық жерлердегі медициналық инфрақұрылымды дамыту Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға және тұрғылықты жеріне қарамастан медициналық көмекке тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған әлеуметтік саясатына толық сәйкес келетінін атап өтті.

Өз пікірін Самар ауданының медицина саласының ардагері, Миролюбовка ауылының тұрғыны Фания Арапова да білдірді:

«Ауылымызда осындай маңызды нысанның ашылғанына өте қуаныштымын. Мен Миролюбовкада медицина саласында 30 жылдан астам еңбек еттім. Бұл ФАП-тың салынуы — облыс пен аудан басшылығының көреген әрі уақытылы қабылдаған шешімі. Қазіргі медицина үнемі дамып келеді, ал бұл жерде халыққа сапалы қызмет көрсетуге қажетті барлық заманауи жабдықтар бар».

Жаңа фельдшерлік-амбулаториялық пункт заманауи медициналық құрал-жабдықтармен, емшара және қарау кабинеттерімен, сондай-ақ дәріханалық бөлмемен қамтамасыз етілген. Ғимарат санитарлық және құрылыс талаптарына толық сәйкес келеді, барлық инженерлік желілерге қосылған және мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін бейімделген. Нысанның жалпы аумағы 139 шаршы метрді құрайды, бір мезетте 25 адамға дейін қабылдауға мүмкіндік бар.

 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button