Өскеменде өрттен зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсетілуде

Өскеменде көпқабатты тұрғын үйде орын алған өрттен кейін зардап шеккен тұрғындарға қажетті көмек көрсетілді.
Қазіргі уақытта жапа шеккен азаматтар Тургенева көшесі, 30 мекенжайында орналасқан Кризистік бөлімшеге уақытша орналастырылды. Әкімдік тарапынан тұрғындарға өрт салдарынан келген залалға байланысты мемлекеттік әлеуметтік көмек алу тәртібі түсіндірілді. Қажетті құжаттарды жинау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Әлеуметтік көмек көрсету туралы шешім өтініш берілген күннен бастап 8 жұмыс күні ішінде қабылданады. Осы кезеңде әкімдік тарапынан кеңес беру және жан-жақты қолдау көрсетілуде.
Сонымен қатар, биыл көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттерін жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары жоспарланған. Оның ішінде өрттен зардап шеккен тұрғын үйдің сыртқы қасбеті де жөнделеді. Жөндеу жұмыстары барысында ғимараттың сыртқы келбеті толық қалпына келтіріледі.
Өрт салдарынан келтірілген материалдық шығындар сот тәртібімен анықталады.
Айта кетейік, қазіргі таңда коммуналдық қызметтердің күшімен қоқыс пен зақымдалған заттарды тазалау жұмыстары ұйымдастырылды. Аталған жұмыстарды «Таза Өскемен» коммуналдық кәсіпорны жүргізуде.



