Мұнай арзандап, инфляция күшеюі мүмкін бе?

Қаржыгерлер қауымдастығы қаржы нарығы мамандары арасында сауалнама жүргізді. Оның нәтижесіне сәйкес, бір жылдан кейін күтілетін инфляция деңгейі 11,4%-дан 11,6%-ға дейін өскен.
Мамандар қаңтар айында айлық инфляцияның 1%-ға жеткенін, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық қызметтер мен жанармай бағасының жоспарлы түрде қымбаттауын негізгі себеп ретінде атап өтті.
Респонденттердің 90%-ы 6 наурызда өтетін отырыста базалық мөлшерлеме өзгеріссіз қалады деп есептейді. Олардың болжамынша, алдағы 12 айда мөлшерлеме 16,25%-ға дейін төмендеуі мүмкін.
Қысқа мерзімде теңге бағамы тұрақты болады деп күтіліп отыр. Ал бір жыл ішінде доллар бағамы 544,7 теңгеге жетуі ықтимал.
Сондай-ақ, Brent маркалы мұнайдың орташа бағасы 62,2 доллардан 61,8 долларға дейін төмендейді деп болжанған. Бұған ұсыныстың артуы мен сұраныстың баяу өсуі әсер етпек.
Ал 2026 жылға арналған жалпы ішкі өнім өсімі болжамы 4,7%-дан 5%-ға дейін артты.



