Жаңалықтар

Оң рөлді көліктерге такси қызметін көрсетуге болмайды

Қазақстанда оң рөлді көліктерді такси ретінде пайдалануға болмайды. Бұл туралы Үкімет отырысында Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев мәлімдеді.

Министрліктің мәліметінше, Көлік және Ішкі істер министрліктері такси агрегаторларымен бірлесіп, оң рөлді шамамен 70 мың көлікті тасымалдау қызметінен шығарған.

Сонымен қатар такси жүргізушілерін бақылау күшейтіледі. Жүргізуші куәлігін автоматты түрде тексеру енгізіліп, рейс алдында жүргізушілердің медициналық тексеруден, ал көліктердің техникалық бақылаудан өтуі қадағаланады.

Бұдан бөлек, техникалық байқау орталықтарына қойылатын талаптар күшейтілді. Ережені бұзғандарға салынатын айыппұл көлемі 30-дан 100 АЕК-ке дейін арттырылды.

Жол қауіпсіздігі бойынша да оң өзгеріс бар. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жол-көлік оқиғалары 10%-ға, қаза тапқандар саны 14%-ға, ал зардап шеккендер 11%-ға азайған.

Мамандар жол апаттарының негізгі себептері ретінде жылдамдықты шамадан тыс арттыру, арақашықтықты сақтамау және көлікті дұрыс басқара алмауды атап отыр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button