ДенсаулықЖаңалықтар

Өскемен гарнизонында сарбаздар қауіпсіздігі басты назарда

Өскемен гарнизоны Әскери полиция бөлімінің алдын алу бөлімшесінің бастығы, әділет лейтенанты Мақсат Рамазанов сарбаздардың қауіпсіздігі мен құқықтық тәртіптің сақталуын тұрақты бақылауда ұстап келеді.

Жеке құрам арасында құқық бұзушылықтың алдын алу, әскери тәртіпті нығайту және әскери қызметшілердің моральдық-психологиялық жағдайын жақсарту мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Осы бағыттағы іс-шаралардың бірі Серебрянск қаласында орналасқан 97638 әскери бөлімінде өтті.

Әділет лейтенанты Мақсат Рамазанов бөлімнің мерзімді әскери қызметшілерімен арнайы дәріс өткізіп, жеке сұхбаттар жүргізді. Кездесу барысында қазіргі таңда әскер қатарында жиі назар аударуды қажет ететін маңызды тақырыптар қозғалды.

Атап айтқанда, сарбаздарға «Өз-өзіне қол жұмсаудың алдын алу», «Жарғыдан тыс қарым-қатынас іс-әрекеттері», «Әскери бөлімді өз бетімен тастап кетудің құқықтық салдары» жөнінде кеңінен түсіндірілді. Дәріс барысында бұл әрекеттердің әскери қызметке, жеке тұлғаға және жалпы ұжымға тигізетін зияны нақты мысалдар арқылы жеткізілді.

— Әскери қызметшілер қиын жағдайға тап болса, жалғыз емес екендерін еске саламыз. Психологиялық қысым, тұрмыстық немесе қызметтік мәселелер туындаған жағдайда командирлерге, тәрбие жұмысы жөніндегі офицерлерге немесе әскери полиция өкілдеріне жүгіне алады, — деді әділет лейтенанты Мақсат Рамазанов.

Сондай-ақ, әскери жарғы талаптарын сақтау – әрбір сарбаздың міндеті ғана емес, қауіпсіз әрі ұйымшыл әскери ұжым қалыптастырудың негізі екені айтылды. Дәрістен кейін сарбаздармен жеке сұхбаттар ұйымдастырылып, олардың көңіл күйі, қызметке бейімделуі, жеке мәселелері тыңдалды. Мұндай ашық форматтағы әңгіме әскери қызметшілердің өз ойларын еркін айтуына мүмкіндік беріп, өзара сенімді нығайта түсті.

Басқа жаңалықтар

Back to top button