ШҚО-да жасөспірімдер арасында 161 құқық бұзушылық анықталды

Шығыс Қазақстан облысында «Жасөспірім» жедел-алдын алу іс-шарасы аяқталды. Үш күн ішінде 161 құқық бұзушылық анықталды.
Республикалық «Жасөспірім» шарасы өңірде 28 ақпан мен 2 наурыз аралығында өтті. Осы уақытта полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға және қиын жағдайдағы отбасылармен жұмысқа ерекше назар аударды.
Рейдтік іс-шараларға 500-ден астам полиция қызметкері қатысты. Олар профилактикалық есепте тұрған отбасыларды тексеріп, жастар жиналатын орындарды аралады. Сондай-ақ жасөспірімдермен және олардың заңды өкілдерімен түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Іс-шара қорытындысы бойынша балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамаған 17 ата-ана және 11 кәмелетке толмаған жасөспірім профилактикалық есепке алынды.



