ШҚО-да қызылшаның 13 жағдайы анықталды

Шығыс Қазақстан облысында биылғы жылдың алғашқы екі айында қызылшаның 13 жағдайы тіркелді. Бұл туралы облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәуле Слямғазина мәлімдеді.
Оның айтуынша, аурудың 4 жағдайы Өскемен қаласында, 8 жағдайы Тарбағатай ауданында, ал 1 жағдайы Глубокое ауданында анықталған.
Науқастардың көбі – балалар. Облыста 14 жасқа дейінгі 7 бала мен жасөспірім қызылша жұқтырған.
Сәуле Слямғазина ата-аналарға балаларын уақытында вакцинациялауға кеңес берді. Оның айтуынша, қызылша – өте жұқпалы вирустық ауру, ал одан қорғанудың ең тиімді жолы – екпе алу.
Қазір елімізде қызылшаның алдын алу үшін қосымша вакцинация жүргізіліп жатыр. Дәрігерлер екпе алмаған адамдарға медициналық ұйымдарға барып, вакцина салдыруды ұсынады.



