Өскеменде жаңа сүт зауыты салынып жатыр

Өскеменде заманауи сүт өңдеу зауыты салынып жатыр. Кәсіпорын күніне 200 тоннаға дейін сүт өңдей алады. Жылына шамамен 73 мың тонна сүт өңдеу жоспарланған.
Жобаның құны – 5 млрд теңге. Зауыт іске қосылғанда 700-ге жуық адам жұмыспен қамтылады.
Кәсіпорында сүт, айран, йогурт, сүзбе, ірімшік, қаймақ сияқты түрлі өнімдер шығарылады. Жаңа өндірістік кешен заманауи өңдеу және автоматтандыру технологияларын енгізуге, өндіріс көлемін едәуір арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар аймақта өзге де жаңа кәсіпорындар іске қосылып жатыр. Мәселен, Шемонаихада «Сивер Плюс» заманауи сүт өңдеу зауыты өз жұмысын бастады. Кәсіпорын озық құрал-жабдықтармен жабдықталған және «Nastole» брендімен кефир, сүзбе, сүт пен қаймақ өндіреді. Қазіргі таңда зауыт тәулігіне 6 тоннаға дейін сүт өңдейді және алдағы уақытта жобалық қуатына шығу жоспарланып отыр.



