«Восток» стадионы жаңартылып жатыр-ШҚО

Футболдан «Алтай-Өскемен» командасы Бірінші лигада жоғары нәтиже көрсетіп, Премьер-лигаға жолдама алды. Қазір «Восток» стадионы жаңартылып, заманауи талаптарға сай қайта жабдықталып жатыр.
Облыста спорт саласы жыл сайын қарқынды дамып келеді. Өңірде 1600-ден астам спорт нысаны жұмыс істейді. Қазір Катонқарағай, Үлкен Нарын және Марқакөл ауылдарында жаңа спорт кешендері салынып жатыр.
Облыс орталығында волейбол орталығы, ал Риддерде заманауи спорт кешені бой көтеруде. Өткен жылы бір тау шаңғысы базасы мен 19 футбол алаңы пайдалануға берілді. Бүгінде бұл орындар жастардың сүйікті демалыс және жаттығу алаңына айналды.
Өткен жылы облыс спортшылары 5700 медаль жеңіп алды. Оның ішінде шамамен 2000-ы алтын. Халықаралық жарыстарда да жетістіктер бар. Мысалы, Файна Мейрманова Сурдлимпиадада рекорд жаңартты, Анастасия Городко фристайлдан жақсы нәтиже көрсетті, ал Батырхан Төлеуғали таэквондодан әлем чемпионы атанды.
Одан бөлек, қазір 4000-нан астам бала тегін спорт секцияларына қатысады.
Алдағы жылдары өңір спортшылары Италияда өтетін қысқы Олимпиадаға, Қырғызстандағы Көшпенділер ойындарына және Жапониядағы Азия ойындарына қатысады. Олар бұл жарыстарда да жоғары нәтижеге қол жеткізеді деген сенім бар.



