Жаңалықтар

ШҚО-да бизнес форматтағы қонақүй ашылды

Облыс орталығында жеке инвестициялар есебінен жаңа Monotel қонақүй кешені өз жұмысын бастады. Ашылу салтанатына облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты.

Жоба жеке инвестор Мейрамбек Садыков тарапынан жүзеге асырылды. Жалпы инвестиция көлемі 2,2 млрд теңгені құрады. Нәтижесінде 50 тұрақты жұмыс орны ашылды.

Monotel қонақүйі еуропалық сервис деңгейін, шығыс қонақжайлығын және қазақстандық нақышты үйлестіретін бизнес форматтағы қонақүй ретінде позицияланады. Жоба қонақтардың жайлылығына ғана емес, отандық қонақүй бизнесін дамытуға да бағытталған. Бұл жергілікті қонақүйлердің әлемдік деңгейдегі қызмет көрсете алатынын көрсетеді.

Кешен инфрақұрылымы жеті қабаттан және жалпы сыйымдылығы 92 адамды құрайтын 46 нөмірден тұрады: 32 стандарт, 8 жартылай люкс, 2 люкс және 4 президенттік нөмір. Ғимаратта фойе, lounge bar, 50 адамға арналған конференц-зал, 200 қонаққа арналған банкет залы (VIP бөлмесі мен гримёр бөлмесімен), сондай-ақ мейрамхана қарастырылған.

Өңір басшысының айтуынша, мұндай бастамалар экономикаға тікелей әсер етеді.

— Кәсіпкерлік, инвестициялар және туризм өзара тығыз байланысты. Жаңа орналастыру нысандарының пайда болуы – өңірдің инвестициялық тартымдылығының көрсеткіші және шағын және орта бизнесті дамытуға қосымша серпін береді, — деді Нұрымбет Сақтағанов.

Ол сондай-ақ өңірге келетін туристер саны жыл сайын артып келе жатқанын атап өтті. Өткен жылы облысқа 450 мыңнан астам адам келген. Қазіргі уақытта өңірде инфрақұрылымды дамыту жалғасуда — жаңа демалыс базалары ашылып, жоғары деңгейлі қонақүйлер салу жоспарлануда.

Басқа жаңалықтар

Back to top button