Зайсан ауданында екі мыңға жуық элиталы алма көшеті отырғызылды

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы аясындағы өтіп жатқан сенбілікте Зайсан қаласындағы «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» атындағы саябағы тазаланып, екі мыңға жуық элиталық алма көшеті саябақтар мен аллеяларда отырғызылды.
Күні кеше аудан орталығында «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы шеңберінде Жеменей өзенінің жағалауы қоқыстан тазартылған болатын.
Ал, Зайсан ауданына кіре берісте орналасқан Қарабұлақ ауылының маңына шырша көшеттері егілді.
— Әр тал – табиғатқа деген қамқорлық. Ауданымыздың әр бұрышы таза, әрі әдемі болса тұрғындар үшін одан асқан бақыт жоқ, – дейді акция қатысушысы Айгерім Серкетаева.
Аудандық ТҮКШ бөлімі берген мәліметке сенсек, сенбілік барысында 350 гектар аумақ тазаланып, 45 тоннадан астам қоқыс шығарылған.
– Осындай ортақ іске атсалысып, туған жердің жасыл желекке орануына үлес қосып жатқан барша азаматтарға алғыс білдіреміз. Табиғатты қорғау – баршамыздың ортақ міндетіміз, – деді аудан әкімінің орынбасары Ермек Қорабаев.



