Ерекше жәрмеңке өтті — ШҚО

Биыл облыстағы Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті республика көлемінде жүзеге асырылған ауқымды қайырымдылық бастамаға өз үлесін қосты. «Заң және тәртіп» идеологиясын насихаттау, сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен жандарға қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылған жәрмеңке Қазақстанның барлық өңірлерінде өтті.
Іс-шараның басты мақсаты – қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде өндірілген, күнделікті тұрмысқа қажетті бұйымдарды жәрмеңкеге шығарып, сатылымға ұсыну. Ал түскен қаражаттың негізгі бөлігі тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жапа шеккен азаматтарға көмек көрсетуге бағытталды.

Жәрмеңкеде 100-ден астам түрлі өнім көпшілік назарына ұсынылды. Атап айтқанда, ұлттық нақыштағы ағаш бұйымдар – астау, қымыз құятын ыдыстар жиынтығы, кесе, сурет рамкалары, шкатулкалар, тұрмыстық қолданыстағы сусынға арналған бачоктар, телефон тұғырлары, Құран кітабына арналған қораптар, сондай-ақ нарды, шахмат, кеме макеттері секілді сәндік бұйымдар қойылды. Бұдан бөлек, темірден жасалған мангалдар, түрлі мақсаттағы арнайы киімдер – аңшылық, шаңғы, су арнасы қызметкерлеріне арналған костюмдер де сатылымға шығарылды.

Аталған жәрмеңке тек өнім сату алаңы ғана емес, қоғамдағы өзекті мәселе –зорлық-зомбылықтың алдын алу мен зардап шеккен жандарға нақты қолдау көрсетудің жарқын үлгісі болды. ШҚО ҚАЖ департаменті алдағы уақытта да осындай әлеуметтік маңызы зор бастамаларды жалғастыруды жоспарлап отыр.



