Жаңалықтар

Өскеменде жол апаты жиі болатын учаскелер қандай?

Облыстық полиция департаменті берген ресми мәліметке сәйкес, бүгінде Өскеменде 10-нан астам жол учаскесі ерекше бақылауда тұр.

Полиция ұсынған ақпаратқа сүйенсек, қауіпті аймақтар қатарына Назарбаев даңғылы бойындағы 25 және 37-үйлердің маңы, Абай және Шәкәрім даңғылдарының қиылысы енген. Сондай-ақ Сәтпаев даңғылының Есенберлин көшесімен және Жібек жолы көшесімен қиылысатын тұстары да жол-көлік оқиғалары жиі орын алатын нүктелер ретінде белгіленген.

Апат қаупі жоғары аймақтар қатарында Өтепов көшесі мен Сәтпаев даңғылының қиылысы, Жеңіс даңғылы бойындағы 6-үйдің тұсы, Сағадат Нұрмағамбетов пен Қазақстан көшелерінің қиылысы да бар. Бұдан бөлек, Ертіс өзені арқылы өтетін көпір маңындағы айналма жол, Виноградов және Грузинская көшелерінің қиылысы, сондай-ақ Алматы – Өскемен автожолына шығатын Меновное ауылы маңындағы айналма жол да қауіпті учаскелер тізіміне енгізілген.

Полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері аталған жол бөліктерінде 713 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Апат салдарынан бес адам қаза тауып, 963 адам түрлі деңгейдегі жарақат алған.

Құқық қорғау органдары бұл учаскелерде жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау қажеттігін еске салады. Мамандардың айтуынша, жылдамдықты асырмау, бағдаршам талаптарын орындау және жаяу жүргіншілерге жол беру – адам өмірін сақтаудың басты кепілі. Полиция алдағы уақытта қауіпті аймақтарда профилактикалық шараларды күшейтуді жоспарлап отыр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button