Зайсанда әуежай құрылысы қарқынды жүріп жатыр

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Шығыс Қазақстан облысында өңір үшін маңызды инфрақұрылымдық жобалардың бірі – Зайсан қаласында жаңа әуежайдың құрылысы жүзеге асырылуда.
Заманауи әуе айлағының салынуы шекара маңындағы ауданның көлік қатынасын жақсартып, логистикалық байланыстарды нығайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар туризмнің, кәсіпкерліктің және өңір экономикасының дамуына серпін беріп, тұрғындарды қауіпсіз әрі қолайлы әуе қатынасымен қамтамасыз етеді.
Бүгінде нысанның жалпы құрылыс дайындығы 86,6%-ды құрайды. Жобаның бас мердігері – «Элхон» ЖШС.
Қазіргі таңда ұшу-қону жолағы, рульдеу жолы, перрон, әуежайдың қоршауы, су бұру жүйесі, сондай-ақ периметрлік және кіреберіс автомобиль жолдарының құрылысы толық аяқталды.
Қазір құрылыс жұмыстары бірнеше бағыт бойынша жалғасуда. Атап айтқанда, заманауи жарық-сигнал беру жүйесі орнатылып, аэровокзал ғимараты, командалық-диспетчерлік пункт, авариялық-құтқару қызметінің нысандары, әкімшілік-тұрмыстық және инженерлік-техникалық ғимараттар салынуда.
Сонымен қатар сыртқы инженерлік желілер тартылып, аэронавигациялық және метеорологиялық қызмет нысандары бой көтеруде. Әуежай аумағын абаттандыру және инженерлік инфрақұрылымды орнату жұмыстары да қатар жүргізілуде.
Құрылыс толық аяқталғаннан кейін жаңа әуежай Шығыс Қазақстан облысының маңызды көлік тораптарының біріне айналады. Бұл Зайсан ауданы тұрғындарының әуе көлігіне қолжетімділігін арттырып, жол жүру уақытын қысқартады, сондай-ақ өңірге инвестиция тартуға және туризмді дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады.
Жобаның жүзеге асырылуы тұрақты бақылауда. Құрылыс жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде.



