ШҚО-да эпидемиологиялық жағдай қалай?

Облыстық Білім басқармасы өңірде маусымдық тұмау мен ЖРВИ бойынша санитарлық-эпидемиологиялық ахуалдың тұрақталғанын хабарлайды. Осыған байланысты барлық білім беру ұйымдарында оқу процесі дәстүрлі, яғни оффлайн форматта жалғасып жатыр.
Бұған дейін қашықтан оқыту форматына көшуге себеп болған факторлар толықтай жойылып, өңірдегі эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруы сабақтарды штаттық режимде ұйымдастыруға мүмкіндік берді. Қазіргі таңда мектептерде, колледждер мен өзге де білім беру ұйымдарында оқу үдерісі жоспарға сай жүргізілуде.
Сонымен қатар, білім беру процесі қолданыстағы санитарлық талаптар мен қауіпсіздік шараларын қатаң сақтай отырып жүзеге асырылуда. Оқушылар мен педагогтердің денсаулығын қорғау – басты назарда. Бұл бағытта алдын алу шаралары үздіксіз жүргізіліп, жағдай тұрақты бақылауда ұсталып отыр. Оқушылардың сапалы әрі қауіпсіз білім алуына барлық жағдай жасалған.



