Өскеменде жас велошабандоздар бақ сынайды

Өскеменде мектеп оқушылары арасындағы дәстүрлі республикалық веложарыс басталды. Биыл 56-рет ұйымдастырылған жарысқа Қазақстанның 11 өңірінен келген 120-ға жуық жас спортшы қатысып жатыр.
Дәстүрлі дода Оқу-ағарту министрлігі Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының бастамасымен ұйымдастырылып, облыс әкімдігінің және «Қазақстан велосипед спорты федерациясы» қоғамдық бірлестігінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Жарысқа 2008–2009 жылдары туған және одан кіші жастағы жасөспірімдер қатысып жатыр. Көпкүндік сайыс жеті кезеңнен тұрады. Бағдарламаға жекелей және топтық жарыстар енгізілген. Қатысушылар 25, 40, 80, 84 және ең ұзақ 90 шақырым қашықтықтарда өзара мықтыны анықтайды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, веложарыс жас спортшылардың шеберлігін шыңдап, тәжірибе жинақтауына және республикалық деңгейде өз мүмкіндіктерін көрсетуіне жол ашады. Осындай жарыстардың нәтижесінде халықаралық жарыстарда ел намысын қорғайтын талантты спортшылар қалыптасады.



