ШҚО-ға жыл басынан бері 195 мың турист келген

Өңірге жыл басынан бері 195 мың турист келген. Оның 189 мыңы – қазақстандықтар, ал 6 мыңы – шетелдік туристер.
Қазір өңірде демалушыларды қабылдайтын 447 нысан жұмыс істейді. Олар бір уақытта 22,3 мың адамға қызмет көрсете алады.
Туристер жиі баратын Катонқарағай ауданы, Бұқтырма су қоймасы мен Сібе көлдерінің маңында, сондай-ақ Марқакөл мен Алтай аумақтарында инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мұнда жағажайлар абаттандырылып, жолдар жөнделуде. Сонымен қатар су, электр және кәріз жүйелері жаңартылып жатыр.
Өңірде туризм саласына 124 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұл қаражатқа бес ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Олардың қатарында «Katon Park Resort», «FOREST HILLS», «ORNEK AUYLY», «ULAR PARK» және «Медведка» орманшылығы аумағындағы глэмпингтер бар.
Алдағы уақытта облыста жыл бойы демалуға мүмкіндік жасау жоспарланып отыр. Ол үшін жол және көлік қатынасын жақсарту, қызмет көрсету сапасын арттыру және жаңа туристік бағыттарды дамыту көзделген.



