Алтай ауданына жаңа әкім тағайындалды

Шығыс Қазақстан облысы әкімінің өкімімен Алтай ауданының әкімі лауазымына Тұраров Еркін Тұрарұлы тағайындалды. Ол 1986 жылдың 1 шілдесінде Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданы Асубұлақ ауылында дүниеге келген.
2008 жылы Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетін «Сәулет өнері» мамандығы бойынша, 2020 жылы Қазақстан-Американдық еркін университетін «Экономика» мамандығы бойынша, 2025 жылы Халықаралық көлік-гуманитарлық университетін «Көлік құрылысы» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Жалпы еңбек өтілі — 18 жыл, оның ішінде мемлекеттік қызметтегі өтілі 15 жылды құрайды.
Еңбек жолын «Промстрой» ЖШС жобалау тобында сәулетші тағылымдамашы болып бастады. Өскемен қаласының құрылыс бөлімінде қызметтік сатының барлық деңгейінен өтті. Сондай-ақ «KazInvestStroy» ЖШС-ны басқарды.
2017-2022 жылдары Өскемен қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары, бөлім басшысы лауазымдарын атқарды. 2022-2024 жылдары Өскемен қаласының жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы болып жұмыс істеді. 2024 жылдан бастап осы уақытқа дейін ШҚО мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасын басқарды.
Енді бүгіннен бастап Алтай ауданының әкімі лауазымын атқарады.
Еркін Тұраровтың Алтай ауданының әкімі қызметіне тағайындалуы — оның кәсіби қызметіндегі жаңа кезең. Аудан әкімі ретінде оған өңірді дамыту, инфрақұрылымды жетілдіру, елді мекендерді абаттандыру және аудан тұрғындарының өзекті мәселелерін шешу бағытындағы жұмысты жалғастыру міндеті жүктеледі.


