ЖаңалықтарМәдениет

ШҚО-да рухани көшбасшылар бас қосты

Әр түрлі діни сенім, дәстүр мен өмір жолы тоғысқанымен, барлығына ортақ бір тілек бар. Ол — балалардың бейбіт қоғамда өсуі. Рухани келісім күні қарсаңында облыс орталығында облыстық форум өтті. Жиынға діни бірлестіктердің өкілдері, қоғам қайраткерлері, жоғары оқу орындарының өкілдері, жастар, құқық қорғау органдары мен басқа да мекемелердің қызметкерлері қатысты.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов өңірдің рухани көшбасшыларын мерекемен құттықтап, күнделікті атқарып жүрген еңбектері үшін алғыс білдірді. Ол адамдарға қолдау көрсету, игі істерге ұйытқы болу және жастар тәрбиесіне үлес қосу — қоғам үшін маңызды міндет екенін атап өтті.

«Бүгінде алдымызда ауқымды ортақ міндеттер тұр. Соның ең бастысы — туған жеріміздегі бейбітшілікті көздің қарашығындай сақтау және жерлестерімізді, әсіресе өскелең ұрпақты қоғамымызға жат деструктивті идеологиялардан сенімді қорғау», — деді Нұрымбет Сақтағанов.

Қазіргі уақытта Шығыс Қазақстанда 11 конфессияны қамтитын 148 діни бірлестік жұмыс істейді. Әр діни қауымдастық өз дәстүрін сақтағанымен, олардың барлығына ортақ адамгершілік құндылықтар бар. Отбасына қамқор болу, мұқтаж жандарға көмектесу, үлкенді құрметтеу, айналасындағыларға жанашырлық таныту сияқты қасиеттер ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, адамдардың өзара түсінісуіне жол ашады.

Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов ар-ождан бостандығы мен мәдени әралуандықты құрметтеу Қазақстанның мемлекеттік саясатының маңызды қағидаттары екенін атап өтті. ШҚО-да бұл бағыттағы жұмыс діни бірлестіктермен бірлесіп жүргізіліп келеді. Ашық диалог пен бір-бірін тыңдауға деген дайындық шығысқазақстандықтардың, тіпті көзқарастары әр түрлі болса да, өзара сенімін нығайтуға ықпал етеді.

Облыс әкімі өз сөзінде балалар тәрбиесіне ерекше назар аударды. Жақсылық пен қатыгездікті ажырата білу, өзге дінге құрметпен қарау және дербес ойлау қабілеті ересектердің күнделікті әңгімесі мен іс-әрекетінен қалыптасады. Сондықтан рухани тәлімгерлердің жастар өміріне араласуы және өскелең ұрпақты теріс ойлардан қорғауға атсалысуы айрықша маңызды.

Кездесу жылы әрі достық рәуіште өтті. Нұрымбет Сақтағанов Шығыс Қазақстан тұрғындарына денсаулық, амандық және татулық тілеп, өңірдегі бейбіт өмірді сақтауға қосып жүрген үлестері үшін діни бірлестіктердің өкілдеріне алғыс айтты.

Өңірдің бас имамы Думан Сайфуллин мен Өскемен және Семей архиепископы Амфилохий облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Ал «Родник» шіркеуінің бас пасторы Владимир Вольфке Алғыс хат табысталды. Сондай-ақ Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитетінің наградалары діни ахуалды зерделеу, халықпен жұмыс істеу және экстремизмнің алдын алу бағытында еңбек етіп жүрген қызметкерлерге берілді.

Форумға қатысушылар «Шығыс Қазақстан: табиғат пен тарихтың ортақ шежіресі» көрмесін де тамашалады. Ал сахнада шығысқазақстандықтардың бірнеше буынына таныс әндер шырқалды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button