Басты жаңалықЖаңалықтар

Маралдыға қоныс аударған отбасыларға қандай жағдай жасалған?

Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов Күршім ауданына жұмыс сапары барысында Маралды ауылындағы орта мектептің жағдайымен танысып, ауылға қоныс аударған екі отбасының үйлеріне барды.

Мектептің материалдық-техникалық базасын нығайту, білім алушыларға қолайлы жағдай жасау және ауылды білікті мамандармен қамтамасыз ету — елді мекендердің тұрақты дамуы үшін маңызды бағыттардың бірі.

Маралды ауылында осы мақсатта бірқатар жұмыс атқарылып жатыр. Ауылдағы орта мектепте инфрақұрылымды жаңғыртуға ерекше көңіл бөлінген. Үкімет қолдауымен білім ордасының шатыры күрделі жөндеуден өтті. Сонымен қатар мектептің жылу жүйесіне қатысты мәселелерді шешу үшін қаражат бөлініп, заманауи талаптарға сай жаңа жылыту жүйесі орнатылып, бүгінде қалыпты жұмыс істеп тұр. Бұл оқушылар мен ұстаздардың қыс мезгілінде жылы әрі жайлы ортада болуына мүмкіндік береді.

«Мектептің шатыры жөнделіп, жылу мәселесі шешілді. Келесі жылы білім ордасының ішін жөндеп береміз. Маралды ауылын дамыту бағытындағы жұмысты ары қарай жалғастырамыз», — деді Нұрымбет Сақтағанов.

Аймақ басшысы мектептің тыныс-тіршілігімен танысып, білім беру сапасын арттыруға қажетті жағдайлардың маңызын атап өтті. Мектеп инфрақұрылымын жақсартумен қатар, ауылға жас мамандарды тарту және олардың орнығуына қолдау көрсету де өзекті. Осы бағытта Маралдыға еліміздің өзге өңірлерінен отбасылар қоныс аударып жатыр. Олардың бірі Ақтау қаласынан келді. Отбасы бес баланы тәрбиелеп отыр. Отағасы математика пәнінің мұғалімі болып еңбек етеді. Екінші отбасы Алматы облысынан көшіп келген. Төрт баласы бар бұл отбасының мүшесі медицина саласының маманы. Нұрымбет Сақтағанов жаңа қоныстанушылардың тұрмыс жағдайымен танысу үшін олардың үйлеріне барды. Көшіп келген отбасылар баспанамен қамтамасыз етіліп, балалары жергілікті мектепке орналастырылған. Сондай-ақ оларға қажетті әлеуметтік қолдау көрсетіліп, оқушылар тегін ыстық тамақпен қамтылған. Ауылға жаңа отбасылардың келуі білім беру мен денсаулық сақтау салаларындағы кадрлық әлеуетті нығайтуға да ықпал етеді. Әсіресе ауылдарда мұғалімдер мен медицина қызметкерлерінің болуы тұрғындарға көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі үшін маңызды.

Маралдыдағы атқарылып жатқан жұмыстар ауыл инфрақұрылымын жақсарту мен жаңа тұрғындардың орнығуына жағдай жасаудың қатар жүргізіліп жатқанын көрсетеді. Алдағы уақытта да ауыл тұрғындарына қолайлы орта қалыптастыру және мамандарды қолдау мәселелері облыс басшылығының назарында болады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button