Шалғайда жатқан 30 ауылға спутниктік интернет қосылды — ШҚО

«Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында өңірдегі 30 ауыл сапалы интернетке қол жеткізді, деп хабарлайды Shygyslife.kz тілшісі.
Ресми дерекке сенсек, бүгінде облыстағы 357 елді мекеннің 246-сы интернетке қосылған. Бұл аймақ тұрғындарының 97,2 пайызы немесе шамамен 707 мың адам.
Еліміздің Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің АО «Jusan Mobile» компаниясымен серіктестігі шеңберінде, сондай-ақ, Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің және цифрландыру және архивтер басқармасының қолдауымен OneWeb спутник терминалдарының 30 жиынтығы орнатылып, қосылды. Терминалдар секундына 50 Мбит-ке дейінгі жылдамдықты қамтамасыз етеді, ал қамту радиусы — 100 метр. Бұл технология ауылдағы ағайынға тұрақты интернет таратуға мүмкіндік берді. Қоғамдық Wi-Fi нүктелері әрбір елді мекенде арнайы белгіленген орындарға орналастырылған. Тұрғындар тіркеуден өткен соң, Wi-Fi желісіне тегін қосыла алады.
Спутник терминалдар төмендегі елді мекендерде орнатылды:
Алтай ауданы: Восточное, Дородница, Северное, Богатырева, Александровка, Березовка ауылдары;
Зайсан ауданы: Шүршітсу, Қарасай, Қабырғатал, Жіңішкесу ауылдары;
Глубокое ауданы: Веселое, Қарагужиха ауылдары;
Риддер қаласы: Поперечное ауылы;
Самар ауданы: Шұбарқайың ауылы;
Күршім ауданы: Қайнар, Кыстау-Күршім ауылдары;
Марқакөл ауданы: Күнгей-Бөкенбай, Теріскей-Бөкенбай, Балықтыбұлақ, Шанағаты ауылдары;
Катонқарағай ауданы: Мойылды, Ақмарал, Өрнек ауылдары, Рахман қайнары шипажайы;
Үлкен Нарын ауданы: Сенное ауылы;
Ұлан ауданы: Манат ауылы;
Тарбағатай ауданы: Сарыөлең, Ахметбұлақ, Жанаталап ауылдары;
Шемонаиха ауданы: Кандыковка ауылы.



