Өскеменде ірі сенбілік: студенттер мен ұстаздар бір кісідей жұмылды

Бүгін Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында ауқымды сенбілік өтті. Білім ордасының 2500-ден астам студенті мен оқытушы-профессорлық құрамы қала тазалығына үлес қосу үшін бір кісідей жұмылды.
Таңсәріден басталған тазалық шарасы университеттің барлық оқу корпустары мен жатақханалар маңын, сондай-ақ іргелес жатқан көшелер мен саябақтарды қамтыды. Қолдарына сыпырғыш пен күрек ұстаған жастар мен ұстаздар аумақты қоқыстан тазартып, ағаштарды әктеу, көгалдарды ретке келтіру жұмыстарын жоғары деңгейде атқарды.
Шара басында университет ректоры Мұхтар Төлеген сөз сөйлеп, бұл бастаманың тәрбиелік және қоғамдық маңызына ерекше тоқталды:
“Жуырда өткен өңірлік экологиялық саммитте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің экологиялық ахуалын жақсарту мен тазалық мәдениетін қалыптастырудың маңызына тоқталды. Президентіміздің “Таза Қазақстан” бастамасына Сәрсен Аманжолов атындағы университет ұжымы зор ықыласпен қолдау білдіріп отыр. Бүгінгі сенбілікке 2,5 мыңнан астам адамның жұмыла шығуы экологиялық саясатты толық қолдайтынымыздың және ортақ үйімізге деген сүйіспеншілігіміздің белгісі. Тазалық сыртқы келбет қана емес, бұл біздің ішкі мәдениетіміз бен жауапкершілігіміз. Біз студенттердің бойында экологиялық сауаттылықты қалыптастыру арқылы ертеңгі жарқын болашақтың негізін қалаймыз.”
Сенбілік соңында 5 тоннаға жуық жиналған қоқыс арнайы техникамен шығарылып, оқу орнының айналасы толық абаттандырылды. Аманжолов университеті бұл бастаманы жыл сайынғы дәстүр ретінде жалғастыра бермек.



