Би, ән, кәуап: Өскемен Бірлік күнін тойлатып жатыр
Өскеменде Қазақстан халқының бірлігі күні бірнеше жерде кең көлемде атап өтілді.Соның бірі — Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығы маңы.Мұнда мерекеге жиналған халықтың қарасы көп болды.
Алдымен тұрғындар түрлі көрмелерді тамашалады. Қолөнер бұйымдары, ойыншықтар, ұлттық заттар ұсынылды. Көлеңке жақта кәуап пісіріліп, келгендер дәм татып жатты.
Балалар арасында би жарысы өтіп, үздіктерге сыйлық берілді. Тіпті көрермендер де дауыс беріп, жеңімпазды бірге таңдады. Кейін түрлі ұлт өкілдері сахнаға шығып, ән айтып, би билеп, жұртты ортаға шақырды.
Сонымен қатар, алаңға арнайы баннер қойылып, тұрғындар өз тілектерін жазып қалдырды. Олардың қатарында облыс әкімі де болды.
– Әлемде бейбітшілік болып, Қазақстан дами берсін! – деді өңір басшысы Нұрымбет Аманұлы.
Айта кетейік, Достық үйінде 22 этно-мәдени бірлестік жұмыс істейді. Жалпы облыс бойынша олардың саны 74-ке жетеді. Бір жарым сағатқа созылған мерекелік шарадан 200-ге жуық адам жақсы көңіл-күймен тарқасты.



