Жаңалықтар

Сүт те, сапа да жоғары: Ұланда ферма жұмысы қалай жүріп жатыр?

Ұлан ауданына жұмыс сапары барысында аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов «Қайрат» шаруа қожалығының мал шаруашылығы жұмысымен танысты.

Шаруашылықты симменталь тұқымды сиырлар өсіріледі.Бұл ет пен сүт бағытындағы әмбебап ірі қара тұқымы. Шаруашылықта өндірілетін сүт «Шығыс-Сүт» кәсіпорнына жеткізіледі.

Шаруашылық жетекшісі Асвад Усмаев мұндағы сүттің майлылығы 4,3 пайызға дейін жететінін айтты. Оның сөзінше, мұндай нәтижеге дұрыс күтім мен сапалы азықтың арқасында қол жеткізіліп отыр.

Ал кешен бригадирі Ирина Құрманғалиева рацион құрамына ұсақталған жем, күнжара және табиғи жайылым шөбі кіретінін жеткізді.

Бүгінде шаруашылықта 500 сауын сиыр бар. Сауын процесі толықтай дерлік автоматтандырылған — мұнда 24 сауу аппараты жұмыс істейді. Сауылған сүт арнайы танкерлерге құйылып, 4 градусқа дейін салқындатылады. Кейін өнім сапасы зертханада тексеріледі.

Жаз мезгілінде бір сиыр тәулігіне 25–30 литрге дейін сүт берсе, қыста бұл көрсеткіш шамамен 20 литрді құрайды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button