Екі әулет бірігіп құрбандық шалуға бола ма? Имам жауап берді

Құрбан айт— мұсылман қауымы үшін ең қасиетті мерекелердің бірі. Бұл күндері жұрт құрбандық шалып, мұқтаж жандарға көмек көрсетіп, жақындарымен қауышады. Осыған орай жыл сайын халық көкейінде жүрген сауалдарға жауап іздеп көрдік.
1. Құрбандықты үйде шалған дұрыс па, әлде арнайы орында ма?
Қалада құрбандық шалуға арналған арнайы орындар қарастырылған. Мамандар мұндай жағдайда ең алдымен тазалық пен қауіпсіздік сақталуы керек екенін айтады. Ал ауылдық жерлерде құрбандықты үйдің ауласында, ағайын-туыстың ортасында шалған дұрыс саналады. Халық арасында мұның «берекесі сол шаңырақта қалсын» деген мағынасы бар.
2. Екі әулет бірігіп бір қой шалса, құрбандық қабыл бола ма?
Егер құрбандық шалу міндет болмаса, бірнеше отбасы бірігіп шалуға болады. Ал жағдайы жетіп, өзіне құрбандық шалу міндет болған адамға жеке шалғаны абзал. Себебі бір отбасы мүшелерінің жағдайы әртүрлі болуы мүмкін. Мысалы, балиғат жасына толған баласына да жеке міндет жүктелуі ықтимал.
3. Құрбан айтта ең көп жіберілетін қателік қандай?
Құрбан айт кезінде ең жиі кездесетін қателіктің бірі — «шектік» пен құрбандықты шатастыру. Қазақ дәстүрінде «шектік» — бір істің амандығын тілеп немесе қан шығару ниетімен шалынатын мал. Алайда оны құрбандықпен теңестіру дұрыс емес. Кей адамдар құрбандыққа дайындаған малын айт намазына дейін сойып жатады. Бірақ шариғат бойынша құрбандық тек айт намазы оқылғаннан кейін ғана шалынады.
4. Құрбандыққа қандай мал шалынуы керек?
Құрбандыққа шалынатын малдың түрі мен жасы да маңызды. Қой, ешкі, сиыр және түйе құрбандыққа жарайды. Ал жылқы шалынбайды. Қой мен ешкі кемінде бір жаста, сиыр екі жаста, түйе бес жаста болуы тиіс. Кей жағдайда алты айдан асқан, бір жасар қойдай ірі тоқты жарамды болуы мүмкін. Сонымен қатар мал ауру, көтерем немесе көзі зақымданған болмауы керек. Құлағы мен құйрығының үштен бір бөлігінен артығы кесілген мал да жарамсыз саналады. Көп адам тек еркек мал шалынады деп ойлайды. Алайда ұрғашы мал шалуға да рұқсат етіледі.
5. Құрбандық шалмау күнәға жата ма?
Құрбандық шалу белгілі бір адамдарға міндет болып саналады. Нақтырақ айтқанда, ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына толған, материалдық мүмкіндігі бар әрі сапарда емес мұсылманға құрбандық шалу–міндет. Хадистерде шамасы келе тұра құрбан шалмаған адамға қатысты қатаң ескерту айтылған.



