Жаңалықтар

Аллергия емделе ме? Аллергологпен сұхбат

Көктем мен жазды көпшілік асыға күтсе, аллергиясы бар жандар үшін қиын кезең. Өйткені, сәуір мен қазан аралығында маусымдық аллергия уақыты.
Еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін зардап шегетін аллергияның емі бар ма? Маусымдық аллергиядан қалай құтыламыз? Міне осы сұрақтардың жауабын алу үшін қаламыздың білікті аллерголог-иммунологы Айгерім Зинатоллаевамен сұхбаттасып көрдік.

— Маусымдық аллергия көбінесе ағаштардың гүлдеу кезеңінде пайда болады. Бұл уақытта сүйекті жемістерді, атап айтқанда өрік, шабдалы секілді жемістерді жеуге болмайды. Сонымен қатар қайың шырыны мен жаңғақ өнімдері де аллергиялық реакцияны күшейтуі мүмкін.
Бұдан бөлек, шөптер мен гүлдерден жасалған дәрілерден, сондай-ақ балық өнімдерінен бас тартқан жөн.
Күнделікті өмірде аллергия тудыруы мүмкін өнімдер де бар. Олардың қатарына:
• Бал
• Цитрус жемістері
• Жаңғақтар
• Балық өнімдері жатады.

Аллергияның алдын алуға бола ма?

— Аллергияның алдын алу әрдайым мүмкін бола бермейді. Дегенмен балаларда асқыну қаупін азайтуға мүмкіндік бар. Ол үшін 6 айдан бастап қосымша тамақ енгізіп, балаға әртүрлі тағамдардың дәмін біртіндеп татқызу маңызды. Бұл болашақта тағамдық аллергияның пайда болу ықтималдығын төмендетеді.

Аллергия асқынғанда не істеу керек?

— Аллергия асқынбауы үшін дәрігер тағайындаған емді уақытылы әрі дұрыс қолдану қажет. Егер аллергия мұрын мен көз арқылы байқалса, жергілікті глюкокортикостероидтар қолданылады.
Ал егер бронхиалды астма түрінде асқыну байқалса, онда ингаляциялық глюкокортикостероидтар қолданылып, міндетті түрде дәрігерге немесе емханаға жүгіну қажет.

Аллергия тұқым қуалай ма?

— Аллергия тұқым қуалайды деп үзілді-кесілді айта алмаймыз.
• Анада болса – балада 30%
• Әкеде болса – 50%
• Екеуінде де болса – 80–90% ықтималдық

Халық емі көмектесе ме?

— Аллергия – иммундық жүйенің күрделі реакциясы болғандықтан, халық емінің пайдасы жоқ. Көп жағдайда адамдар уақыт жоғалтып, ауруды асқындырып алады. Соның салдарынан аллергия бронхиалды астмаға дейін жетуі мүмкін.

Сұхбатқа келісіп, уақыт бөлгеніңізге рақмет!

Басқа жаңалықтар

Back to top button