Зайсанда Қазақстан-Әзербайжан достығы кабинеті ашылды

Зайсан ауданындағы Сауыр орта мектебінде Қазақстан–Әзербайжан достығы кабинеті ашылды.
Жаңа білім беру кабинеті екі ел арасындағы достық пен мәдени байланысты нығайту мақсатында іске қосылды. Кабинет заманауи техникамен, интерактивті материалдармен және жаңа жиһаздармен жабдықталған. Алдағы уақытта мұнда оқушыларға арналған білім беру және гранттық бағдарламалар ұйымдастырылмақ.
Жоба аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағановтың Әзербайжан елшілігі және инвесторлармен кездесуі нәтижесінде жүзеге асты. Кейін облыс әкімдігі мен Buta Group компаниясы арнайы меморандумға қол қойған.
— Бұл кабинет — Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы достық пен ынтымақтастықтың жарқын белгісі. Мұндай бастамалар жастардың білім алып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашуына үлкен серпін береді. Екі елдің байланысы алдағы уақытта да нығая түседі деп сенеміз, — деді Нұрымбет Сақтағанов.
Салтанатты ашылу рәсіміне білім саласының өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер және Әзербайжан тарапынан қонақтар онлайн форматта қатысты.
Сондай-ақ бүгін Нұрымбет Сақтағанов Зайсан ауданындағы белсенді жастармен кездесті.
Кездесуге студенттер, еріктілер, блогерлер мен қоғам белсенділері қатысты. Жастар ауданның дамуы, білім беру, волонтерлік қозғалыс және жастар бастамаларын қолдау жөнінде өз ұсыныстарын айтты.



