Балалар күні қарсаңында үздік оқушылар марапатталды
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Өскеменде дарынды оқушылардың облыс әкімімен кездесуі өтті.
Шара Шығыс Қазақстан облыстық филармониясында ұйымдастырылды. Кездесудің мақсаты – биылғы оқу жылында білімде, шығармашылықта және спортта жоғары нәтижеге қол жеткізген талантты жастарды марапаттау.
Биыл өңір оқушылары халықаралық және республикалық олимпиадаларда, ғылыми байқаулар мен спорттық жарыстарда айтарлықтай жетістікке жетті. Облыс қоржынына 171 медаль түскен. Оның ішінде 37 алтын, 46 күміс және 88 қола медаль бар.
Сондай-ақ жаратылыстану-математикалық бағыттағы республикалық олимпиадада өңір құрамасы «Үздік олимпиадалық команда – 2026» атанып, республика бойынша үздік үштіктен көрінді.
Кездесу барысында үздік оқушыларға облыс әкімінің Алғыс хаты мен ақшалай сертификаттар табысталды.



