Жаңалықтар

Жұмба ауылындағы жарық мәселесі шешіле ме?

Бүгін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов жұмыс сапарымен Самар ауданына барды. Сапар барысында облыс басшысы жергілікті тұрғындармен кездесті. Кездесу кезінде Мариногорка ауылдық округінің ақсақалы Ержан Дюсупов Жұмба ауылындағы бірқатар өзекті мәселені көтерді.
Оның айтуынша, ауылдағы ең күрделі проблемалардың бірі — жолдың жағдайы. Қазіргі таңда ұзындығы 40 шақырым болатын жол қатты тозып, көлік қозғалысына жарамсыз күйге түскен.
— Жүргізушілер жылдамдықты сағатына 40 шақырымнан асыра алмайды, ал шұңқырлардан көз ашу мүмкін емес. Ауыр жүк көліктері негізгі жолды айналып өтуге мәжбүр. Жұмба ауылында жарық дұрыс емес. Электр желісі Көкпекті ауданынан тартылған. Жел соққан сәтте жарық өшіп, кейде бір тәулік бойы қайта қосылмайды. Тіпті жел болмаса да жарықтың сөнетін жағдайлары жиі кездеседі. Алайда оның нақты себептері түсіндірілмей келеді, — деді ол.
Облыс әкімі көтерілген мәселелерге байланысты жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар жүктеді.
— Экспертиза қорытындысы дайын болғаннан кейін облыстық бюджетке өтінім берілсін. Сонымен қатар, Жұмба ауылы мен аудан бойынша электр жарығының айына қанша рет сөнетіні және оның себептері жан-жақты зерделеніп, маған баяндалсын, — деді облыс басшысы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button