Жаңалықтар

ШҚО-да туу көрсеткіші төмендеген

Өңірде Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі облыстық комиссияның қорытынды отырысы өтті. Жиын барысында аймақтағы демографиялық ахуал мен отбасылық құндылықтарды нығайтуға қатысты өзекті мәселелер кеңінен талқыланды.

Отырыста оң көрсеткіштер тіркелгенімен, алаңдататын жайттар да назардан тыс қалған жоқ. Атап айтқанда, ажырасу санының артып отырғаны және некеге тұрып жатқан жас шығысқазақстандықтардың отбасылық өмірге дайындық деңгейінің төмендігі айтылды. Осыған байланысты қоғамда дәстүрлі отбасылық құндылықтарды кеңінен насихаттау қажеттігі көтерілді. Қатысушылар жастар арасында отбасы институтының маңызын арттыру үшін тек әкелер мен ата-аналар кеңестерімен шектелмей, жастардың пікіріне ықпал ететін блогерлер мен қоғам белсенділерін де бұл іске тарту керек деген ұсыныс білдірді.

Отырыс барысында өңірдің демографиялық жағдайына қатысты талдау ұсынылды. Соңғы жылдары туу көрсеткішінің төмендегені, әсіресе 25 жасқа дейінгі жас отбасылар арасында бұл үрдіс айқын байқалатыны айтылды.

Жиын қорытындысында облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов бірқатар нақты тапсырма жүктеді. Атап айтқанда, аудандардың ұсыныстарын ескере отырып, 2026 жылға арналған кешенді іс-шаралар жоспарын әзірлеу, жұмысты орталықтандырылған форматта ұйымдастырып, комиссия құрамдарын қайта қарау міндеттелді. Сондай-ақ дағдарыс жағдайындағы отбасыларды қолдау шараларын күшейту және комиссияның аудандарға шығуын қамтамасыз етіп, қаңтар айының ортасына дейін кездесулер кестесін бекіту тапсырылды.

Отбасы институтын қолдауға бағытталған жұмыс алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын таппақ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button