ШҚО-да қанша оқушы онлайн оқып жатыр?
Биылғы оқу жылында өңірдегі 347 мектепте 98 947 оқушы білім алуда. Соңғы күндері маусымдық вирустық аурулардың көбеюіне байланысты бірқатар мектеп пен сынып уақытша қашықтан немесе кабинетсіз оқыту форматына ауыстырылды.
Облыстық білім басқармасының берген мәліметіне сүйенсек, 18–21 қараша аралығында қашықтан оқуға өткен оқушылар саны күн сайын өсіп отыр.
— 18 қарашада – 3 015 оқушы, 19қарашада – 3 298 оқушы, 20 қарашада – 12 648 оқушы, 21 қарашада – 27 610 оқушы. Қазіргі таңда 111 мектептің 1 614 сыныбында 29 479 оқушы онлайн форматта оқып жатыр. Олардың 14 361-і – ауру белгісімен тіркелген, — делінген ресми ақпаратта.
Облыстағы барлық 381 балабақша штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Оның ішінде 285 мемлекеттік балабақшада 16 432 бала, 96 жекеменшік мекемеде 10 949 бала тәрбиеленуде. Қазіргі уақытта 5 874 бала ауруға байланысты тіркелген.
Оқу процесі барлық санитарлық нормаларға сай ұйымдастырылып, жағдай білім басқармасының тұрақты бақылауында.




