Қазақстандықтар қай әлеуметтік желіні көп қолданады?

Цифрландыру дәуірінде әлеуметтік желілер қазақстандықтардың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Ақпарат алу, қарым-қатынас жасау, бизнес жүргізу мен өзін-өзі танытуда әлеуметтік платформалардың рөлі жыл сайын артып келеді. Ашық дереккөздер мен зерттеулерге сүйенсек, Қазақстанда әлеуметтік желі қолданушыларының саны тұрақты өсім көрсетіп отыр.
2025 жылғы статистикалық деректерге сәйкес, Қазақстанда интернет қолданушылар саны 19 миллионнан асады, бұл ел халқының 90 пайыздан астамын құрайды. Интернетке қосылған азаматтардың шамамен 75–76 пайызы әлеуметтік желілерді белсенді пайдаланады. Бұл көрсеткіш Қазақстанды Орталық Азиядағы ең белсенді цифрлық нарықтардың қатарына қосады.
Ең көп қолданылатын әлеуметтік желілер:
TikTok. Соңғы жылдары Қазақстанда ең жылдам дамыған және ең көп қолданылатын әлеуметтік желі — TikTok. Ашық дереккөздерге сәйкес, бұл платформаның елдегі аудиториясы 15 миллионнан асады. TikTok әсіресе жастар арасында кең таралған. Қысқа бейне форматы, алгоритмнің қолданушы талғамына тез бейімделуі және ойын-сауық контенттің көптігі оның танымалдығын арттырды.
Instagram. Қазақстанда Instagram желісін 12 миллионнан астам адам қолданады. Бұл платформа жеке блог жүргізу, медиа, шағын және орта бизнес, брендтер мен инфлюенсерлер үшін негізгі алаңға айналған. Instagram-ның сторис, reels секілді форматтары ақпаратты жылдам әрі көрнекі жеткізуге мүмкіндік береді.
Facebook. Қазақстанда салыстырмалы түрде аз қолданылғанымен, өзінің тұрақты аудиториясын сақтап отыр. Ашық мәліметтерге сәйкес, платформада 2–3 миллионға жуық қазақстандық тіркелген. Facebook көбіне қоғамдық пікірталас, жаңалық тарату, кәсіби және сараптамалық контент үшін қолданылады.
Әлеуметтік желілермен қатар, мессенджерлер де қазақстандықтардың цифрлық өмірінде маңызды рөл атқарады. WhatsApp — ең кең таралған мессенджер. Ол күнделікті жеке байланыс пен жұмыс хат алмасуда негізгі құралға айналған. Telegram — жаңалық тарату, авторлық арналар мен қауымдастықтар үшін танымал платформа. Соңғы жылдары Telegram-дағы қазақстандық арналар саны күрт артты.



