ШҚО-да жылыту маусымына дайындық күшейтілді

Облыста алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл мәселе облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысқан Үкімет отырысында талқыланды.
Аймақтағы үш жылу электр орталығының дайындығы 96%-ға жетті. Электр желілерінің күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқталып, жылу желілерінің дайындығы 98%-ды құрады. Ал су жүйелері, автономды қазандықтар мен әлеуметтік нысандар 100% дайын.
Риддерде №5 қазандық жөндеуден өтіп, №6 қазандықтың дайындығы 90%-ға жетті. Жөндеу жұмыстарын қыркүйек айының соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Облыс әкімі барлық жұмысты толық аяқтағанға дейін дайындық қарқынын төмендетпеуді тапсырды. Сондай-ақ әлеуметтік нысандардың жылумен тұрақты қамтылуын және көмір жеткізу жұмыстарын бақылауда ұстау міндеттелді.
Қазіргі таңда облысқа коммуналдық-тұрмыстық сектор үшін 354,2 мың тонна көмір жеткізілді. Бұл қажетті көлемнің 72,3%-ын құрайды. Тағы 15 мың тонна көмір теміржол тұйықтарында дайын тұр.



