Өскемен жанкүйерлері Астанаға тегін бара алады

Өскеменнен 16 наурыз күні елордада өтетін футбол матчын көруге жанкүйерлерге тегін бару мүмкіндігі жасалды.
«Алтай Өскемен» мен Семейдің «Елімай» командалары арасындағы ойын Астанадағы «Астана Арена» стадионында өтеді. Матчқа бару үшін клуб тарапынан 48 адамға арналған автобус бөлінген. Жанкүйерлер жол ақысы мен стадионға кіру үшін төлем жасамайды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жанкүйерлер 15 наурыз күні кешкі сағат 17:00-де жолға шығады. Астанаға таңертең жетіп, аз уақыт қалада серуендеп, фотосессия жасап, кейін матчқа барады. Ойын 16 наурыз күні сағат 15:00-де басталады.
Матч аяқталған соң жанкүйерлер Өскеменге қайта жолға шығып, 17 наурыз күні таңертең қалаға келуі жоспарланған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жанкүйерлер қонақүйге тоқтамай, автобуста демалады.
Айта кетейік, жол ақысы мен матчқа кіру тегін. Ал тамақты әркім өзі сатып алады. 18 жасқа толмаған жанкүйерлерге ата-анасының рұқсаты қажет.



