Жаңалықтар

ШҚО-да көкжөтелге шалдыққандар саны екі есеге артты

Облыста жыл басынан бері көкжөтелдің 32 жағдайы тіркелді. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш екі есеге артқан.Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте салалық департамент басшысының орынбасары мәлімдеді.

Облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәуле Слямғазинаның айтуынша, сырқаттану дерегі 14 жасқа дейінгі балалар арасында анықталған.

– 29 шілдедегі жағдай бойынша облыста көкжөтелдің 32 жағдайы зертханалық түрде расталды. Оның 28-і Өскеменде, 4-і Ұлан ауданында. Ауруға шалдыққандардың басым бөлігі – бір жасқа дейінгі 14 сәби, 1 мен 5 жас аралығындағы 17 бала және 5 пен 9 жас аралығындағы бір бала, – деді Сәуле Слямғазина.

Мамандарды алаңдатып отырған негізгі мәселе – науқас балалардың басым бөлігінің екпе алмауы. Тіркелген 32 жағдайдың 30-ы вакцинациядан өтпеген балалар арасында анықталған. Оның ішінде 17 бала ата-анасының екпеден бас тартуына байланысты вакцина алмаған. 12 балада медициналық қарсы көрсетілім болған. Ал бір сәби екпе салынатын жасқа әлі жетпеген.

Дәрігерлердің айтуынша, көкжөтел – тыныс алу жолдарын зақымдайтын өте жұқпалы бактериялық инфекция. Әсіресе, бұл ауру нәрестелер мен балалар үшін қауіпті.

Мамандар көкжөтелдің алдын алудың ең тиімді жолы – уақытылы вакцина алу екенін еске салады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button