Жүргізуші куәлігі туралы тараған ақпарат: FAKE

Ішкі істер министрлігі әлеуметтік желілерде тараған жүргізуші куәлігін ауыстыруға қатысты ақпаратты жоққа шығарды. Ведомство алдағы төрт жыл ішінде жарамдылық мерзімі аяқталатын жүргізуші куәлігін міндетті түрде ауыстыру қажет деген мәліметтің жалған екенін мәлімдеді.
Бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Жүргізуші куәліктерін беру және ауыстыру ртібіне қатысты ешқандай өзгеріс енгізілген жоқ. Аталған куәлік тек олардың жарамдылық мерзімі аяқталған жағдайда және қолданыстағы белгіленген тәртіпке сәйкес ауыстырылады. Қосымша талаптар, соның ішінде қайта емтихан тапсыру немесе қандай да бір шектеулер қарастырылмаған, — делінген ІІМ таратқан хабарламада.
Полиция азаматтарды жалған ақпаратқа сенбеуге және мәліметтерді тек ресми дереккөздер арқылы тексеруге шақырды. Сондай-ақ көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 274-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілік көзделгенін ескертті.



