Басты жаңалықЖаңалықтарМәдениет

ШҚО: Әр балаға 150 мың теңге сертификат берілді

Бүгін Өскеменде облыс әкімінің жаңажылдық шыршасы өтті. Балаларға арналған мерекелік шараға өңірдің әр ауданынан жиналған 100-ге жуық бала қатысты.

Мерекелік кешке жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушылар, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар, сондай-ақ оқу, спорт, шығармашылық және қоғамдық өмірде үздік нәтиже көрсеткен дарынды оқушылар шақырылды. Балалар үшін арнайы әзірленген мазмұнды бағдарлама ұсынылды. Сахнада ертегі кейіпкерлері қатысқан концерттік нөмірлер қойылып, интерактивті ойындар ұйымдастырылды. Көңілді атмосфераға толы кеш балаларға ерекше әсер сыйлады.

Іс-шара барысында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов балаларды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.

— Қымбатты балалар! Жаңа жыл — жаңа мүмкіндіктер мен үлкен армандардың бастауы. Сіздердің сапалы білім алып, спортпен және шығармашылықпен айналысуларыңыз үшін барлық жағдай жасалып жатыр. Армандарыңыз орындалып, жаңа жыл қуанышқа толы болсын! — деді өңір басшысы.

Мерекелік кеш соңында әр балаға 150 мың теңге көлемінде ақшалай сертификат пен тәттілерден құралған жаңажылдық сыйлықтар табысталды.

Шараға қатысқан балалардың ата-аналары ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді. Көпбалалы ана Айгүл Төлегенқызы мұндай мерекенің балалар үшін маңызын атап өтті.

— Балаларымыз үшін осындай үлкен мерекенің ұйымдастырылғанына өте қуаныштымыз. Ұлым ерекше әсер алып, жаңа жылды асыға күтетін болды. Мұндай қолдау балалардың сенімін арттырады, — дейді ол.

Айта кетейік, облыс әкімінің жаңажылдық шыршасы жыл сайын өткізіліп, балаларға мерекелік көңіл күй мен жаңа жылдық шаттық сыйлауды дәстүрге айналдырған.

Басқа жаңалықтар

Back to top button