26 жыл бұрын жасалған қылмыс ашылды — Зайсан

ШҚО-да полиция қызметкерлері 1999 жылдың желтоқсанында Зайсан қаласында жасалған адам өлтіру және қарақшылық дерегі бойынша істі қайта қарап, күдіктілерді анықтады.
Ресми мәліметке сәйкес, оқиға болған кезде қылмыскерлер із суытқанымен, жылдар өткен соң құқық қорғау және тергеу органдарының жүйелі жұмысы, сондай-ақ облыстық прокуратураның қолдауы нәтижесінде істің барлық мән-жайы қайта зерделеніп, қылмысқа қатысы бар тұлғалар белгілі болды.
Тергеу барысында екі ер адамның ірі олжа табу мақсатында жергілікті тұрғынның үйіне заңсыз кіргені анықталған. Үйден бағалы зат таба алмаған қаскөйлер 26 жастағы ер адамды аса қатыгездікпен өлтірген. Сонымен қатар, сол кезде үйде болған 77 жастағы әйел соққыға жығылып, электр сымымен орындыққа байланған. Қылмыскерлер оқиға орнынан 12 калибрлі қос ұңғылы аңшы мылтығын, «ИЖ-53М» пневматикалық тапаншасын және бейнемагнитофонды алып кеткен.
Белгілі болғандай, аталған тұлғалар 2002 жылдың желтоқсанында бірқатар қарақшылық шабуыл мен адам өлтіру фактілері үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылған.
ШҚО Полиция департаменті «Адам өлтіру», «Қарақшылық», «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» және «Қаруды заңсыз иемдену» баптары бойынша сотқа дейінгі тергеуді аяқтап, істі сотқа жолдады. Сот шешімімен жаза ішінара қосылып, екі сотталушыға да мүлкі тәркіленіп, төтенше қауіпсіздік мекемесінде өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі түпкілікті жаза тағайындалды.



